Сізді 9:00-ден 18:00-ге дейін күтеміз

Кассалар 9:00-ден 17:00-ге дейін ашық

Ж. Шанин

Театр тарихы

Басты бет   |   Театр тарихы

Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының тарихы

 

Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры – еліміздің оңтүстік өңіріндегі кәсіби театр өнерінің қарашаңырағы, ұлттық мәдениетіміздің іргелі ошақтарының бірі. Ғасырға жуық тарихы бар өнер ұжымы қазақ театр өнерінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.

 

Қазақстанның үшінші мегаполисі саналатын Шымкент қаласы – тарихы терең, мәдени мұрасы бай көне шаһарлардың бірі. Сондықтан бұл өңірде театр өнерінің де ерте қалыптасуы заңды құбылыс еді. Бүгінде еліміздің мәдени кеңістігінде өзіндік орны бар театрдың бастау көзі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына барып тіреледі.

Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры

1926–1929 жылдары көрнекті жазушы, драматург, ағартушы Жүсіпбек Аймауытов Шымкент қаласындағы педагогикалық техникумның директоры әрі оқытушысы қызметін атқарды. Оның бастамасымен студент жастар арасында театр үйірмелері ұйымдастырылып, түрлі қойылымдар сахналана бастады. 1926–1927 жылдардағы Сырдария педагогикалық техникумының есебінде драмалық, музыкалық, саяси, өлкелік редакциялық алқа және көркемөнерпаздар үйірмелерінің тұрақты жұмыс істегені көрсетілген.

 

Қазақ драматургиясының негізін қалаушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовтың ұйымдастырушылық және шығармашылық қызметі Шымкент өңірінде кәсіби қазақ театрының іргетасының қалануына зор ықпал етті. Ол студенттермен бірге театр үйірмесін құрып, қойылымдарды көрермен назарына ұсынып отырды. Осылайша қазақ театр өнерінің оңтүстіктегі алғашқы қадамы жасалды.

 

1927 жылы театр қайраткері Жұмат Шанин театрлардың жағдайына тоқтала отырып: «Жүсіпбек Аймауытовтан өзге режиссер болуға лайықты ешкім жоқ», – деп жоғары баға берген.

 

1929 жылы Сырдария округінің халық ағарту бөлімі мәдени-ағарту жұмыстарын күшейту мақсатында оқу орындары мен мәдени ұйымдардың қызметін ауылдық жерлерге бағыттау жөнінде шешім қабылдады. Бұл бастама театр өнерінің ел арасына кеңінен таралуына ықпал етті.

 

1929 жылғы 3 қазанда жарық көрген «Советская степь» газетінде Шымкент қаласында тұрақты театр труппасының құрылып, қысқы театр маусымының ашылатыны туралы хабар жарияланды. Басылымда театр ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны және жаңа репертуар әзірленіп отырғаны айтылған.

 

Осылайша, 1929 жылдың қазан-қараша айларынан бастап Шымкенттегі қазақ драма театры тұрақты түрде көрерменге қызмет көрсете бастады. Театр қазіргі Қазыбек би көшесінде орналасқан бүгінгі Қуыршақ және жасөспірімдер театры ғимаратында жұмыс істеді.

Өнер ұжымының алғашқы құрамында Елеусіз Досымбетов, Тәкен Мәдіқожаев, Гүлжамал Батырғалиева, Рәміш Абдрахманов, Жәнібек Арғынбаев, Парух Жәсенов, Исабек Таурбалин, Көреген Камалов, Әуезхан Мырзалиев, Еламан Мұхаметкәрімов, Құдайберген Әзімбаев және басқа да өнерпаздар болды.

 

1934 жылғы 16 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысында Біріккен қазақ және өзбек театрлары ұйымдастырылды. Бұл театр өнерінің кәсіби тұрғыда дамуына жаңа серпін берді. Сол жылдың 7 сәуірінде Ғұзейір Жасақбаевтың «Замана заңы» атты шығармасы сахналанды. Аталған пьеса бұған дейін Алматы қаласында Жұмат Шаниннің режиссерлігімен қойылған болатын.

 

1938 жылдың 10 қыркүйегінде Ленинград сахна өнері техникумының қазақ студиясын тәмамдаған түлектердің дипломдық жұмысы ретінде Фридрих Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» спектаклі сахналанды. Осы қойылыммен Шымкент театры кәсіби деңгейдегі жаңа шығармашылық кезеңге қадам басты. Театр тарихының жаңа дәуірі басталып, өнер ұжымы республикадағы жетекші театрлардың біріне айналу жолына түсті.

 

Ұлы Отан соғысы жылдары театр ұжымына ауыр салмақ салды. Соғыстың алғашқы кезеңінде театрдың 26 қызметкері майданға аттанса, олардың 17-сі актерлер болатын. Майданға аттанғандардың қатарында театрдың талантты әртістері Қ. Қарсақбаев, Р. Байкенов, М. Юсупов, Қ. Сыздықов, Т. Мәдіқожаев, М. Көкеев, И. Ақбұйымов, А. Шейхсламов, С. Шаженов және басқа да өнер майталмандары болды. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі туған жерге оралмады.

 

Соғыс жылдарында театр ұжымы шығармашылық қызметін тоқтатпай, тылдағы халықтың рухын көтеруге атсалысты. 1942 жылдан бастап театрдың бас режиссері қызметін Ғайнижамал Хайруллина атқарды. Оның жетекшілігімен ұжым өндірістік жоспарларды тұрақты түрде асыра орындап, мемлекеттік дотациядан бас тартуға қол жеткізді. Театр қызметкерлері қорғаныс қорына 1942 жылы 100 мың сом, ал 1943 жылы 55 мың сом қаржы аударып, Жеңіс жолындағы ортақ іске өз үлестерін қосты.

 

1957–1958 жылдары өткен Бүкілқазақстандық театр көктемі облыстық театрлардың шығармашылық дамуына ерекше серпін берді. Осы кезеңде театр Алматы қаласында сәтті гастрольдік сапар өткізіп, Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» спектаклі үшін «Бүкілқазақстандық театр көктемінің лауреаты» атанды.

 

Театр ұжымының шығармашылық жетістіктері жоғары бағаланып, ұжым Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Театр әртісі А. Абдуллинаға «Қазақ КСР-інің халық әртісі» атағы берілсе, режиссер Әбубәкір Ордабаев пен актерлер Әкіш Шанин және Сағидолла Ерғалиев «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағына ие болды.

 

1972 жылы театрға қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Жұмат Шаниннің есімі берілді. Бұл тарихи шешім ұжымның шығармашылық жауапкершілігін арттырып, жаңа жетістіктерге жетелеуге ықпал етті. Кейінгі жылдары театр республикалық фестивальдерде табысты өнер көрсетіп, көптеген марапаттарға ие болды.

 

1980 жылдан бастап театрдың бас режиссері қызметіне Қазақстанның халық әртісі Жақып Омаров тағайындалды. Оның шығармашылық жетекшілігімен театр жаңа белеске көтерілді. Осы кезеңде Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты», Әбділда Әбішевтің «Мәди», Қалижан Бекхожиннің «Ұлан асу», Сәкен Жүнісовтің «Қос анар» және «Әпке» спектакльдері сахналанып, Алматы көрермендерінің жоғары бағасына ие болды.

 

Театрдың жарты ғасырлық мерейтойы қарсаңында ұсынылған бұл қойылымдар ұжымның кәсіби деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді. Осы жетістіктері үшін театр ұжымы тағы да Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

 

1980 жылдардың басынан бастап театрдың бас суретшісі Қалтөре Жұмағұлов спектакльдердің көркемдік безендірілуіне айрықша үлес қосты. Оның шығармашылық ізденістері мен кәсіби шеберлігі театр қойылымдарының көркемдік деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

 

1990 жылы театр ұжымының шақыруымен Әскер Құлданов қайтадан бас режиссер қызметіне келді. Бұл кезеңде театрдың шығармашылық әлеуеті одан әрі нығайып, жаңа қойылымдар дүниеге келді. Театр құрамындағы Фарида Айнақұлова, Аққұлиева, Айман Жұмабекова, Сәлима Зайнуллина, Құпия Рахымбердиева, Әбдіраш Әбішев, Оразалы Тастанбеков, Роза Салова, Төлеген Есенғалиев, Сәбит Сытыншев, Ғалия Хасанғалиева, Асқар Өсербаев, Жұмабек Досаев және Қайрат Мағауинов сынды актерлердің шығармашылық шеберлігі шыңдалып, театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосты.

 

1993 жылы театрдың талантты актрисасы Құпия Рахымбердиеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», ал Ақсақал Қалмырзаевқа «Қазақстанның халық әртісі» атақтарының берілуі ұжымның шығармашылық жетістіктерінің айқын көрінісі болды.

 

Экономикалық қиындықтарға қарамастан, театр ұжымы шығармашылық қарқынын бәсеңдетпей, көрерменге сапалы туындылар ұсынуды жалғастырды. Сол кезеңдегі театр директоры Ахмет Өтебаев ұжымның тұрақты жұмыс істеуі үшін үлкен еңбек сіңірді.

 

1994 жылы театр өзінің 60 жылдық мерейтойын Алматы қаласында атап өтті. Мерейтой аясында Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр», Дулат Исабековтің «Анасын аңсаған қыз», Серік Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» және Болат Әбілдаевтың «Айша бибі» спектакльдері көрермен назарына ұсынылды.

 

Осы жылдары сахнаға Ысқақ Сарбаевтың «Ресторан», Мархабат Байғұтов пен Шерхан Орынбаевтың «Қарлығаш әулие – Төле би», Дулат Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу», «Анасын аңсаған қыз», Оразбек Бодықовтың «Мұқағали Мақатаевтың соңғы әні» және басқа да көптеген қойылымдар шығарылып, театр сыншылары мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды.

 

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін театр ұжымы шығармашылық ізденістерін жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық және республикалық фестивальдерде табысты өнер көрсете бастады. Театр өнерінің ұлттық болмысын сақтай отырып, заманауи сахналық үрдістерді меңгерген ұжым көптеген беделді мәдени іс-шараларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

 

2000 жылдары театр Түркияның Стамбул қаласында өткен түркітілдес халықтардың театр фестиваліне, сондай-ақ Өзбекстанның Ташкент және Әндіжан қалаларында ұйымдастырылған Орта Азия және Қазақстан халықтары театрларының халықаралық фестивальдеріне қатысып, қазақ театр өнерінің өзіндік ерекшелігі мен көркемдік деңгейін халықаралық көрерменге таныта білді.

 

2002 жылы Петропавл қаласында өткен республикалық театр фестивалінде театр ұжымы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясымен өнер көрсетті. Ал 2003 жылы Орал қаласында өткен XI Республикалық театр фестивалінде Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» трагедиясы сахналанып, театр «Үздік режиссер» номинациясына ие болды.

 

2005 жылы Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында өткен «Арт-ОРДО» халықаралық театр фестиваліне театр Шыңғыс Айтматовтың «Жанпида» трагедиясымен қатысып, фестивальдің Бас жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар, «Үздік режиссер» және «Үздік суретші» аталымдары бойынша да жеңімпаз атанды. Бұл жетістік театр тарихындағы маңызды белестердің бірі болды.

 

2006 жылы өткен «Сахна – Театр Көктем – 2006» фестивалінде және 2007 жылғы Халықаралық «Театр Көктем» фестивалінде театр ұжымы Бас жүлдені иеленіп, кәсіби деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

2009 жылы Қарағанды қаласында Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған республикалық театр фестивалінде Дулат Исабековтің «Мұңлық – Зарлық» драмасымен қатысып, «Эпостық шығарманы сәтті сахналағаны үшін» арнайы номинациямен марапатталды.

 

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Театр Көктем – 2011» республикалық фестивалінде Еркін Тұрысовтың «Ұлы көш» тарихи драмасы көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, «Ең үздік тақырыптық қойылым» номинациясы бойынша Бас жүлдені жеңіп алды.

 

2012 жылы өткен халықаралық «Исабеков әлемі» өнер фестивалінде Дулат Исабековтің «Енді қайттік?» комедиясы табысты сахналанды. Қойылымның режиссері Е. Оразымбетов «Спектакльдің үздік режиссерлік шешімі» аталымымен марапатталса, актриса Нұржамал Қаламбаева «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» номинациясының иегері атанды.

 

Театр өнеріндегі табыстар режиссерлер мен актерлердің ғана емес, сондай-ақ суретшілердің, композиторлардың, музыканттардың және сахна сыртындағы барлық шығармашылық қызметкерлердің бірлескен еңбегінің нәтижесі болды.

 

2015 жылдың ақпан айында театрға «Академиялық» мәртебесі беріліп, ол Жұмат Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры болып қайта құрылды. Бұл мәртебе театр ұжымының ұзақ жылдар бойғы шығармашылық еңбегіне берілген жоғары баға еді.

 

Бүгінде театр – кәсіби шеберлігі қалыптасқан, шығармашылық дәстүрі орныққан, тәжірибелі және жас буын өнерпаздарының басын қосқан іргелі мәдениет ошағы. Театрдың аға буын әртістері жастарға сахна мәдениеті мен актерлік шеберліктің қыр-сырын үйретіп, кәсіби тәжірибелерін бөлісіп келеді. Осылайша ұжымда сабақтастық дәстүрі үздіксіз жалғасуда.

 

2025 жылдың мамыр айында театр ұжымы Түркия Республикасының Трабзон қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» шығармасымен қатысып, көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

 

2025 жылдың күзі театр үшін ерекше табысты кезеңдердің бірі болды. Театр ұжымы 97-маусымның ашылуы қарсаңында бірқатар халықаралық және республикалық фестивальдерге қатысып, шығармашылық жетістіктерімен танылды.

 

Сол жылы қыркүйек айында Талдықорған қаласында өткен Бикен Римова атындағы драма театрының 50 жылдығына арналған «BIKEN FEST» III Халықаралық театр фестиваліне Айгиз Баймұхаметовтың «Тастамашы, ана!» спектаклімен қатысып, «Үздік музыкалық безендіру» номинациясын жеңіп алды.

 

Сонымен қатар театр Алматы қаласында өткен II Республикалық жас режиссерлер театр фестиваліне қатысып, фестиваль директоры Төлеген Есеналиевтің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.

 

2025 жылғы 27 қыркүйек пен 5 қазан аралығында театр ұжымы Қазақстанның бірнеше қаласына гастрольдік сапар ұйымдастырды. Семей, Павлодар, Баянауыл, Екібастұз және Астана қалаларының көрермендері театрдың үздік қойылымдарын тамашалады. Бұл гастрольдік сапар ұжым үшін шығармашылық табысқа толы, әсерлі әрі нәтижелі болды.

 

Гастрольдік сапардан кейін театр өзінің 97-маусымын салтанатты түрде ашып, жаңа шығармашылық белестерге қадам басты. Қазіргі таңда театр ұжымы ұлттық театр өнерін дамыту жолында табысты еңбек етіп, көрерменге сапалы қойылымдар ұсынуды жалғастырып келеді. Ғасырға жуық тарихы бар өнер ордасы қазақ мәдениетінің дамуына қызмет етіп, болашақта да жаңа шығармашылық жетістіктерге жете беретіні сөзсіз.