Сізді 9:00-ден 18:00-ге дейін күтеміз

Кассалар 9:00-ден 17:00-ге дейін ашық

Ержанның әндерін сағынғандар үшін сахнада «О, қала!»

Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында композитор, әнші, музыкант Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналған жаңа музыкалық драма көрерменге жол тартқалы отыр. «О, қала!» деп аталатын қойылымда өнер иесінің өмірі мен шығармашылығы сабақтастырыла өріліп, көпшілікке кеңінен таныла қоймаған әндері қайта жаңғырмақ. Кейде уақыт озған сайын халық жадынан көмескілене бастаған есімдер болады. Алайда, олардың артында қалдырған шығармалары елмен бірге өмір сүріп, қайта жаңғыруын күтеді. Композитор, музыкант Ержан Серікбаевтың шығармашылығы да сондай үлкен мұраның бірі. «О, қала!» музыкалық драмасы – осы бір өнер иесінің есімін қайта жаңғыртып, шығармаларын бүгінгі көрерменге танытуды мақсат еткен жоба. Қойылымның авторы — драматург Қазыбек Аманжол, режиссері – Әли Бидахмет. Ал, идеяны ұсынған театр директоры Дархан Балажанов. Қойылымның дайындық жұмыстары осыдан төрт ай бұрын басталған. Шығармашылық топ алдымен Ержан Серікбаевтың өмірі мен өнер жолын зерттеп, көзі тірісінде араласқан достары мен туыстарынан сұхбат алған. Себебі, өнер иесі туралы сақталған деректердің аздығы да ізденіс жұмысына салмақ салған. – Ержан ағамыз туралы ақпараттың көп еместігін байқадық. Сондықтан көзі тірісінде араласқан достарымен, туыстарымен сөйлесіп, ол кісі туралы мәліметтер жинадық. Төрт айға жуық уақыт бойы зерттеу жүргіздік. Біз үшін оның шығармашылығын ғана емес, қандай адам болғанын көрсету маңызды болды, – дейді қойылым авторы. Кейіпкердің есімі қазақ музыкасына қызығатын ортаға таныс болғанымен, оның көптеген әндерін тыңдарман сүйіп тыңдағанмен танымал болған шығармалардың  авторы сол екенін көпшілік біле бермейді. Қойылымның басты мақсатының бірі де – осы олқылықтың орнын толтыру. – Қазіргі жастардың көбі Ержан ағамыздың әндерін тани бермейді. Танымал әндерді Нұрлан Абдуллин, «Жігіттер» тобы немесе басқа әншілердің орындауынан біледі, бірақ, оның авторы кім екенін біле бермеуі мүмкін. Мысалы, «Неткен өмір», «Тамшы», Қайрат Нұртастың орындап жүрген “Мейлі”, “Үнсіз жүрек” және басқа да көпшілікке мәлім әндерді Ержан ағамыз жазған. Мен өзім де осы зерттеу жұмысына дейін оның кейбір әндерін білмеген екенмін. Сондықтан көрермен қойылымнан кейін «мына ән де Ержан Серікбаевтікі екен ғой» деген оймен шықса, біздің мақсатымыздың орындалғаны, – дейді ол. Оның айтуынша, театр директоры Дархан Балажанов та осы мақсатты көздеп, Ержан Серікбаевтың шығармашылығын сахна арқылы танытуды ұсынған. – Осыған дейін «Шәмшіні»  қойдық. Бірақ, «екінші Шәмшінің» бар екенін көпшілік біле бермейді. «Біз осы Ержан Серікбаевты танытуымыз керек. Менде осындай идея бар, сендер сахналап берсеңдер»   деп Дархан Балажанов ұсыныс жасады. Әли екеуміз әрі қарай осыны қолға алдық, — дейді драматург. «О, қала!» – тек композитордың әндерінен құралған музыкалық қойылым ғана емес. Шығармада Ержан Серікбаевтың өмір жолы, болмысы, мінезі де көрініс табады. Қойылым кейіпкері көзі тірісінде бокспен де айналысқан екен. Аудандық жарыстарға қатысып, мықты спортшы атанған. Кейін әскерден келген соң денсаулығына байланысты боксты тастауға мәжбүр болған. Оның осы қыры да қойылымнан көрініс табады. – Біз сахнада оның тек шығармашылығын ғана емес, өмірін де көрсеткіміз келді. Осындай деректердің өзі оның қандай адам болғанын тануға мүмкіндік береді. Ержан Серікбаевтың рөлін сомдайтын Бауыржан Сегізбаев. Ол кісіге тапсырманы екі-үш ай бұрын бердік. Содан бері гитарамен Ержанның әндерін шырқап, дайындалып жүр. Актерлерге де, әншілерге де артылып отырған жауапкершілік үлкен», — дейді Қазыбек Аманжол. Осылайша спектакльде Ержан Серікбаевтың композитор ретіндегі қыры мен өмірдегі болмысы қатар өріледі. Көрермен өнер иесінің әндері арқылы оның жан дүниесіне үңіліп, өмір жолы арқылы тұлғалық болмысын тануға мүмкіндік алады. Музыкалық драманың тағы бір ерекшелігі – қойылымға театрдың 50-ге жуық әртісі мен әншісі қатысады. Әндердің басым бөлігі сахнада жанды дауыста орындалмақ. Кейбір композициялар арнайы аранжировкадан өтіп, жаңа музыкалық сипатта ұсынылады. Қойылым режиссері Әли Бидахмет пен драматург Қазыбек Аманжолдың музыкалық қойылымдарға бұрыннан қызығушылығы бар. Екеуі бұған дейін Астана қаласындағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы драма және комедия театрында бірге еңбек етіп, Табылды Досымовтың «Сәйгүлік» шығармасын сахналаған. Сондай-ақ, Түркістан музыкалық драма театрында  «МузАРТ» тобының 25 жылдығына арналған музыкалық спектакль қойған. Бұл тәжірибе «О, қала!» қойылымын әзірлеу барысында да өз септігін тигізіп отыр. Қойылымның премьерасы 25 қыркүйекке жоспарланған. Ал, бұл күн – Ержан Серікбаевтың дүниеден өткен күні. Сондықтан шығармашылық топ үшін бұл жай ғана күнтізбедегі дата емес, қойылым кейіпкерін ескалу күні. Өнер иесінің өзі өмірден өткен күні оның әндерінің сахнада қайта шырқалып, есімінің көрерменге қайта ұсынылуы – тағдырдың ерекше сәйкестігіндей. Қойылымның атауы да тегін таңдалмаған. «О, қала!» – композитордың шығармашылық әлемін, қала тынысын, адам мен қоғам арасындағы байланысты музыкалық тілде жеткізетін туынды. Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының бұл бастамасы бір ғана спектакльмен шектелмей, Ержан Серікбаевтың мол мұрасын кейінгі буынға таныстыруға жол ашса деген мақсат бар. Өйткені, жақсы ән уақытпен бірге ескірмейді. Оны тек қайта тыңдатып, авторын қайта таныту керек. «О, қала!» музыкалық драмасы – осындай ұмыт бола бастаған есімді қайта жаңғыртып, Ержан Серікбаевтың әуендерін жаңа буынның жүрегіне жеткізуді көздеген сахналық жоба. Эльмира ЕСХОЖАЕВА