Сізді 9:00-ден 18:00-ге дейін күтеміз

Кассалар 9:00-ден 17:00-ге дейін ашық

Қарағандыда «Тастамашы, Ана!» драмасы сахналанды

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының гастрольдік сапары Қарағанды қаласынан басталды. Өнер ұжымы Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының сахнасында Айгиз Баймұхамбетовтің шығармасы негізінде сахналанған «Тастамашы, Ана!» драмасын көрермен назарына ұсынды.  Театрға келген көрерменнің қарасы қалың. Қарағандылық тұрғындардың сұрауы бойынша бұл спектакль екі сеанспен өтті. Театр өнерін жоғары бағалайтын қала жұртшылығы үшін, бұл қойылым ерекше әсер қалдырғаны сөзсіз. Өйткені, балалар үйіндегі түрлі тағдырлар,  отбасынан тыс қалған баланың ішкі әлемі қозғалады. Қойылымның әдеби негізі де ерекше. Шығарма авторы Айгиз Баймұхамбетовтің өзі кезінде балалар үйінде тәрбиеленген. Сондықтан туындыдағы оқиғалар сырт көздің пайымынан гөрі, бала тағдырын іштен сезінуге мүмкіндік беретін шынайылығымен ерекшеленеді. Шанин театрының сахналық нұсқасында балалар үйіндегі өмір бір ғана әлеуметтік мәселе ретінде қарастырылмайды. Кейіпкерлердің қарым-қатынасы мен бастан өткерген оқиғалары арқылы баланың отбасыға деген қажеттілігі, ана мейірімін күтуі және өткеніне қатысты сұрақтары ашылады. Қойылым көрерменге дайын жауап ұсынбай, бала тағдырына қатысты ересектердің жауапкершілігін ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. «Тастамашы, Ана!» Шанин театрының репертуарындағы көрермен назарын аударған қойылымдардың бірі.  Қарағандыдағы көрсетілім Шанин театрының гастрольдік сапарының алғашқы күніне тұспа-тұс келді. Қойылымның аншлагпен өтуі Шымкент театрының өңірлік көрерменмен шығармашылық байланысын жалғастыруына мүмкіндік берді. Қарағандыдан кейін театр гастрольдік сапарын Астана, Ақтау, Жаңаөзен және Атырау қалаларында жалғастырады. Елордадағы бағдарламада «Тастамашы, Ана!» драмасымен қатар, Ержан Серікбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «О, Қала!» музыкалық драмасы да көрерменге ұсынылады.