Шұғыла Ешен «Алтын глобус» сыйлығын алған алғашқы отандық актриса атанды

Театр және кино актрисасы Шұғыла Ешен Golden Globes Beacon Award («Маяк») арнайы сыйлығына ие болды. Ол осы марапатты алған алғашқы отандық актриса атанды. Марапат 23–24 қазанда Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен Golden Globes Silk Road Tribute Gala салтанатты кешінің аясында табысталды. Шұғыла Ешенмен бірге бұл сыйлықты армян актері Самвел Тадевосян да алды. Beacon Award «Алтын глобустың» негізгі байқау номинацияларына кірмейді. Бұл арнайы марапат Орталық Азия мен Кавказ елдерінің талантты актерлері мен режиссерлерін қолдауға, олардың шығармашылығын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған. Жоба биыл алғаш рет осы аймақтың кино өнеріне назар аударып отыр. Салтанатты кеште «Меридиан» және «Пионер» марапаттары да табысталды. Оларды Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия және Армения өкілдері иеленді. Іс-шараға халықаралық кино жұлдыздары Эдриан Броуди, Кира Чаплин және Ольга Куриленко да қатысты. Айта кетейік, Шұғыла Ешен «Ғашықпын саған», «Жеті қарақшы», «Жеті ата», «Қайтадан» және «Шулама» секілді туындыларға түскен. Бұған дейін ол «Шекер. Последний шанс» фильміндегі екінші пландағы үздік әйел рөлі үшін Қазақстан киносыншыларының таңдауы сыйлығын алған. Сондай-ақ 2025 жылы ALTYN SAQA марапатының «Үміт» номинациясында жеңімпаз атанса, 2026 жылы «Ұлттық классикадағы бейне» номинациясы бойынша марапатталған. Еске салайық, жыл басында Голливудтағы «Алтын глобус» сыйлығының бірінші марапаттары табысталды. Алғашқы жеңімпаздар қатарында актриса Тейана Тейлор және актер Стеллан Скарсгард болды.