Еліміздің әр өңіріндегі көрерменге отандық театр өнерінің таңдаулы туындыларын ұсыну, өңіраралық мәдени байланысты нығайту – гастрольдік сапарлардың негізгі мақсаттарының бірі. Осы бағытта Маңғыстау өңіріне барған Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры Ақтау көрерменіне «Тастамашы, Ана!» драмасын ұсынды. Қойылымның алғашқы күні аншлагпен өтіп, 700 көрермен тамашалады. Халық сұранысына, орай қосымша көрсетілімдер де ұйымдастырылды.
Спектакльді тамашалауға Ақтаумен қатар, қалаға жақын аудандар мен ауылдардан арнайы келген көрермендер де бар. Олар қойылым арқылы балаларына ата-ананың қадірін, отбасының жылуы мен мейірімнің маңызын ұғындыруды көздеген.
Башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің шығармасы негізінде сахналанған драма балалар үйіндегі бүлдіршіндердің тағдырын, олардың ата-ана мейіріміне деген сағынышын бейнелейді. Қойылым көрерменді жақындарының қадірін бағалауға, ата-ананың қамқорлығын бағалай білуге жетелейді.
Ақтаулық көрермен Арайлым Саламатқызы спектакльден алған әсерін бөлісіп, анасының қадірін бұрынғыдан да терең сезінгенін жеткізді. Оның айтуынша, қойылым күнделікті өмірде бағалай бермейтін бақыттың мәнін ұғындырып, ата-ананың жанымызда болуының өзі үлкен байлық екенін еске салған.
Отбасымен бірге келген көрермендер де спектакльдің тәрбиелік мәнін атап өтті. Олардың пікірінше, мұндай қойылымдар балаларға ата-ананы құрметтеуді құр сөзбен емес, кейіпкерлердің тағдыры арқылы түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан театрға бару олар үшін мәдени демалыспен қатар, бала тәрбиесіне ықпал ететін ортақ отбасылық тәжірибе болды.
Ақтаудағы «Тастамашы, Ана» драмасы көрермен көңілінен шықты. Гастрольдік сапар аясындағы бұл кездесу Шымкент театрының шығармашылығын жаңа аудиторияға танытып қана қоймай, отбасы құндылықтары туралы маңызды ой қозғады.
«Тастамашы, Ана!» көрерменге ата-ананың қадірін барында білу, жақындарыңа мейірім таныту қажеттігін тағы бір мәрте ұқтырды. Өйткені отбасының жылуы мен ата-ананың қамқорлығы – бала өміріндегі орны бөлек құндылық.



