Сізді 9:00-ден 18:00-ге дейін күтеміз

Кассалар 9:00-ден 17:00-ге дейін ашық

Ж. Шанин

Жаңалықтар

Басты бет   |   Жаңалықтар

Елорда төріндегі үш күн: Шанин театрының қойылымдары аншлагпен өтті

Театр шымылдығы ашылған сәттен көрерменнің көңілі сахнаға ауады. Көрермен әртүрлі сезімді бастан өткереді. Күледі, жылайды, естеліктер санада жаңғырады. Ал қойылым аяқталған соң, кейіпкерлердің тағдыры мен айтылған ой көрерменмен бірге залдан шығып, санада жалғасып жатады. Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының Астанадағы гастрольдік сапары осындай әсерге толы болды. Үш күн бойы елорда сахнасында өнер көрсеткен ұжым «Тастамашы, Ана!» драмасы мен «О, Қала!» музыкалық драмасы көрерменге ұсынды.

8 және 9 қазан күні Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында сахналанған «Тастамашы, Ана!» көрерменді балалар үйіндегі тағдырлармен бетпе-бет кездестірді. Қырғыз жазушысы Айгиз Баймұхамбетовтің шығармасы негізінде қойылған туындыда баланың ата-анаға деген сағынышы, мейірімге мұқтаждығы және отбасы жылуының орны суреттеледі. Спектакль балалар үйінің тыныс-тіршілігін көрсетумен ғана шектелмей, әр баланың жан дүниесіне үңілуге жетелейді.

Ал, 10 қазан күні елорда көрермені «О, Қала!» музыкалық драмасын тамашалады. Белгілі композитор әрі әнші Ержан Серікбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған қойылым өнер иесінің әндерін жаңғыртып қана қоймай, оның тұлғалық болмысын сахна тілімен танытуға бағытталған. Шығармашылық топ композитордың өмір жолына қатысты деректерді жинақтап, туыстары мен жақындарының естеліктеріне сүйенген. Соның нәтижесінде спектакльде өнер адамының шығармашылық мұрасымен қатар, оның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы мен өмірлік ұстанымдары да көрініс табады.

Қойылымның көркемдік қуатын музыкалық шешімдері толықтыра түсті. Театрдың 50-ге жуық әртісі қатысқан спектакльде Ержан Серікбаевтың әндері жанды дауыста орындалды. Музыка, актерлік шеберлік пен сахналық әрекет тоғысқан сәттер көрерменге композитор шығармашылығын жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.

Бірі жүрекке сағыныш ұялатса, екіншісі өнердің адам өміріндегі орнын сезіндіретін бұл екі қойылымның Астанада аншлагпен өтуі – гастрольдік сапардың маңызды нәтижесі. Шымкенттік театр ұжымы елорда сахнасында тек спектакль көрсетіп қана қоймай, өз репертуарындағы көркемдік ізденістерін танытып, көрерменмен рухани байланыс орнатты.

Астанадағы үш күндік сапар аяқталғанымен, театрдың гастрольдік жолы жалғасады. Енді өнер ұжымы Ақтау, Жаңаөзен, Атырау қалаларына аттанып, қойылымдарын жаңа көрерменге ұсынбақ. Бұл сапар да театр мен көрермен арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық сахна өнерінің тынысын кеңейте түседі.

Facebook
WhatsApp
Telegram

Соңғы жаңалықтар

Жаңалықтан хабардар болыңыз!

This site is protected by reCAPTCHA; the Google Privacy Policy and Terms of Service apply.