Сізді 9:00-ден 18:00-ге дейін күтеміз

Кассалар 9:00-ден 17:00-ге дейін ашық

Ж. Шанин

Жаңалықтар

Басты бет   |   Жаңалықтар

Шанин театры жаңа маусымды «О, қала» қойылымымен ашты

Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры 98-театр маусымының шымылдығын әнші-композитор Ержан Серікбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «О, қала!» музыкалық драмасымен ашты.

Ержан Серікбаевтың әндері күллі қазақтың жадында. Ғұмыры қысқа болғанымен, артында мол шығармашылық мұра қалдырған өнер иесін ел арасында «екінші Шәмші» деп атаған. Театр сахнасына қойылған жаңа шығарма композитордың өмір жолы мен өнердегі мұрасын бүгінгі көрерменге қайта ұсынуды көздейді.

Театр ұжымы композитордың туған-туыстарымен, достарымен және көзін көрген азаматтармен кездесіп, оның өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер жинаған. Спектакльге Ержан Серікбаевтың 17 әні енгізіліп, әр шығарма сахналық көріністермен сабақтастырылған.

Театр директоры Дархан Балажановтың айтуынша, қойылымды сахналаудағы мақсат – композитордың әндерін қайта жаңғыртып, кейінгі буынға жеткізу.

– «Оның шығармашылығы сахнада қайта өмір сүруі керек деп көркемдік кеңеспен шешім қабылдадық. Театрдың қалыптасқан дәстүріне сай жаңа маусымды жаңа қойылыммен ашуды жөн көрдік», – деді театр директоры.

Маусымашар кешке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, композитордың ұлы Бейбарыс Серікбаев, жары, туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Премьера барысындағы көрерменнің ыстық ықыласы, Ержан Серікбаевтың шығармашылығына деген құрметті аңғартты. Композитордың ел жадында қалған әндері бұл жолы театр сахнасында қайта шырқалып, жаңа маусымның алғашқы қойылымына арқау болды.

Facebook
WhatsApp
Telegram

Соңғы жаңалықтар

Жаңалықтан хабардар болыңыз!

This site is protected by reCAPTCHA; the Google Privacy Policy and Terms of Service apply.