Сізді 9:00-ден 18:00-ге дейін күтеміз

Кассалар 9:00-ден 17:00-ге дейін ашық

Ж. Шанин

Жаңалықтар

Басты бет   |   Жаңалықтар

Шанин театры бірнеше қалада гастрольдік сапармен өнер көрсетеді

Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры қазан айында еліміздің бірнеше қаласын қамтитын гастрольдік сапарға шығады. Қарағандыдан басталып, Астана, Ақтау, Жаңаөзен және Атырау қалаларында жалғасатын шығармашылық сапардың негізгі мақсаты – театр репертуарын кеңінен таныстырып, Шымкенттің мәдени-рухани әлеуетін еліміздің өзге өңірлеріне насихаттау, шығармашылық байланысты нығайту.

Ғасырға жуық тарихы бар Шанин театры қазақ кәсіби театр өнерінің қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан өнер ордасы. Жаңа маусымның алғашқы гастрольдік сапарында театрдың таңдаулы қойылымдары көрерменге ұсынылады.

Театрдың гастрольдік бағдарламасы 7 қазанда Қарағанды қаласында басталады. С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының сахнасында «Тастамашы, ана!» драмасы қойылады.

Спектакльде тағдырдың ауыр сынына тап болған балалардың өмірі арқылы отбасы құндылығы, мейірім мен жауапкершілік мәселелері қозғалады. Жетімдер үйінде тоғысқан сан түрлі тағдыр бір арнаға тоғысады. Балалар үйіндегі шынайы оқиға желісімен жазылған спектакль – көрермен көңілінен шыққан туындылардың бірі.

Қарағандыдан кейін шығармашылық сапар Астанаға жол тартады. 8, 9 және 10 қазан күндері театр әртістері Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының сахнасында өнер көрсетеді.

Елордадағы гастроль бағдарламасына «Тастамашы, ана!» драмасымен бірге «О, Қала» музыкалық драмасы енгізілген. Әнші, композитор Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналған қойылым өнер иесінің өмірі мен шығармашылық жолын арқау етеді. Музыкалық драмада ән арқылы өрілген адам тағдыры, сағыныш пен махаббат тақырыптары сабақтасады.

14 қазанда Ақтау қаласында Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында, 15 қазанда Жаңаөзен қаласындағы Мұнайшылар мәдениет сарайында, сондай-ақ 17 және 18 қазанда Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында «Тастамашы, ана!» драмасы сахналанады.

Қойылымдарға билеттерді Ticketon.kz сайты арқылы сатып ала аласыздар. Шанин театрының гастрольдік сапарын тамашалап, театр өнерінің тағылымды туындыларынан әсер алыңыз.

Facebook
WhatsApp
Telegram

Соңғы жаңалықтар

Жаңалықтан хабардар болыңыз!

This site is protected by reCAPTCHA; the Google Privacy Policy and Terms of Service apply.